«Самұрық-Қазына» жыл сайын «Қазақтан халқына» қорына қаражат бөлетін болады
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жыл сайын «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына таза табыстың кемінде 7%-ін аударып отырады.
Қаражатты бөлу тәртібін реттейтін тиісті қағидалар ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Қаулыға сәйкес, «Қазақстан халқына» аударылған қаражатты нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға міндетті.
Айта кету керек, бүгінде қор алты бағытта 25-тен астам қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруда, оның ішінде медицина, білім, спорт, мәдениет, әлеуметтік қолдау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде көмек көрсетеді.
Оның ішінде науқастарды дәрі-дәрмекпен, жастар мен мүгедектігі бар балаларды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету, ауылда негізгі мектептер, ерте араласу орталықтары, аутизммен ауыратын балаларға арналған орталықтарды құру, медициналық ұйымдарды заманауи құралдармен жабдықтау, ауыл мектептерінің түлектеріне және халықтың әлеуметтік осал топтарына кіретін оқушыларға білім гранттарын ұсыну бағдарламалары қарастырылған.
Жыл сайын «Самұрық-Қазына» таза табысының кемінде 7%-ін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аудару туралы бастаманы Мемлекет басшысы «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында мәлімдеген еді.