Елена Рыбакина Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді.
Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәтте қолдау білдіріп, жүрекжарды құттықтау үшін Президентке алғыс айтты. Даңқты теннисші алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Ал қазақстандық теннисші президентке кітап сыйлап, өз қолтаңбасын қалдырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданатынына тоқталды. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түрін дамыту мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, «10 жасқа дейінгі теннис» секілді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сәуірдің 14-15-і күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады. Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараны ұйымдастыру елімізде теннистің даму деңгейін арттыратынын айтты. Сонымен қатар Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.