Бүгін қазақстандықтар Ораза Айт мерекесін тойлауда

   Ораза айт қасиетті Рамазан айы оразасының аяқталуына орай Шаввал айының алғашқы үш күнінде атап өтіледі. Ораза айтты 624 жылы Мұхаммед Пайғамбар орнатқаны бәрімізге мәлім.

  Осы қасиетті мерекеге орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.

  «Ораза ұстаған жамағат осы мерекені асыға күтеді. Алыс-жақын ағайын бір-бірінің үйіне барып, жылы лебізін білдіреді. Халқымыздың ынтымағы нығайып, бірлігі беки түседі.

  Ислам – имандылықты, бейбітшілікті, мейірімділікті дәріптейтін асыл дін. Осы игі құндылықтар елдің амандығы мен берекесін тілейтін ұлтымыздың салт-дәстүрімен біте қайнасып жатыр. Сондықтан бұл – бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша жұртымыз үшін қадірлі ұғымдар.

  Ораза айт – елдігімізді еселейтін мереке. Біз мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайта береміз.

  Еліміздің әр шаңырағы бақыт пен қуанышқа бөленсін!

  Халқымыздың ырысы мен ынтымағы арта берсін!  

  Айт қабыл болсын, ағайын!», - деп Президент барлық мұсылман қауымға жылы лебізін білдірді.

1.1

  Мереке күні таңертең ерте тұрып, айт намазын оқу қажет. Сондай-ақ мешітке барар алдында құрмадан ауыз тисеңіз сүннет болып саналады. Бұл күні барлық танысты, бауырды, басқа ұлт өкілдерін осы ортақ берекелі мерекемен құттықтау қажет.

  Осы жылы Рамазан айы наурыздың 23-і басталып, сәуірдің 20-ы аяқталды. Сәуірдің 17-інен 18-іне дейінгі түн Қадір түні болды. Құрбан айттың бірінші күні 2023 жылдың маусым айының 28-іне түседі.