Шеттен келген қандастардың квота алуы жеңілдетілді

  Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу жөніндегі қызмет eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасында қолжетімді. Қызмет қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу үшін өтінім беруді көздейді.

  Өңірлік квота қандастарды Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарын қоныстандыру үшін ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге бөлінеді.

1659609643

  Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге субсидиялар (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолға төлем) және 12 ай ішінде жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын жабуға (бір отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді.

  Сонымен қатар қандас мәртебесін алған этникалық қазақ мына қызметтерге қол жеткізе алады:

  • ҚР аумағына кірген кезде көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлемдерді төлеуден босату;
  • қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында тегін бейімделу және интеграциялық қызметтермен қамтамасыз ету;
  • техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің оқу ұйымдарына түсуге квоталар шеңберінде білім алу (Қазақстан Республикасында азаматтығы ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
  • Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралармен қамтамасыз ету;
  • мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға өтініш беру мүмкіндігі.

  Бұдан басқа 2023 жылғы наурыздан бастап тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4 млн теңгеге дейін мөлшерінде экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді.

  Қызмет нәтижесі қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы шешім немесе бас тарту туралы жауап түрінде Жеке кабинетте 14 жұмыс күні ішінде пайда болады.

  Жаңа қызмет «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы арқасында жүзеге асты.