Мәжіліс Мүгедектердің құқықтары туралы жаңа заң жобасын қабылдады
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жалпы отырыста «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады.
Құжатты Мәжіліс депутаттарына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова таныстырды. Ол аталған заң жобасын қабылдау мемлекеттің мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге және олардың бұзылуын болдырмау бойынша тиімді шаралар қабылдауға деген шешімін білдіретінін атап өтті.
«Бүгінде елімізде мүгедектігі бар азаматтар саны 700 мыңнан асты. Оның 59%-ы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 14,7%-ы балалар. Бұл санаттағы азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту, оларды қоғамға қайта реинтеграция жасау – Үкіметтің күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Факультативтік хаттаманы ратификациялау кезінде елдер БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Конвенция бойынша олардың құқықтары бұзылды деп мәлімдейтін жеке тұлғалардың немесе топтардың шағымдарын қарау құзыретін тануға келіседі», - деп атап өтті министр.
Қазақстан «Мүгедектердің құқықтары туралы» конвенцияға және оған қатысты Факультативтік хаттамаға 2008 жылғы желтоқсанда қол қойып, 2015 жылы Конвенцияны ратификациялағаны белгілі. Осылайша Қазақстан халықаралық стандарттарға сәйкес мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге міндеттеме алды.
Министрдің айтуынша, осы жылдар ішінде бұл санаттағы азаматтардың құқықтарына қатысты заңдарға өзгерістер енгізілді, ҚР-да 2025 жылға дейін мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар қабылданды. Бүгінгі күні оны іске асырудың 1-ші кезеңі аяқталып, 2019 жылдан бастап 2-ші кезеңнің іс-шаралары іске асырылуда.