Шілдеден бастап 90 мың анаға берілетін жәрдемақы 25 мың теңгеге дейін өседі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "1 шілдеден бастап "Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, "Батыр ана" атағын алған, яғни 7 баланы дүниеге әкелген және өсірген аналарға республикалық бюджеттен төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін өседі (2023 жылы – 25 530 теңге). Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған анаға қатысты болады", – делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі таңда "Наградталған аналар" мәртебесін беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл мәртебе "Күміс алқа", "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған әйелдерге беріледі.
Бүгінгі күні 6, 7 және одан да көп бала туып, өсірген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Енді марапатталған аналарға төленетін жәрдемақының мөлшерін саралау қарастырылып отыр.