Астанада 21 елден келген оқушылардың арасында химия пәнінен Халықаралық олимпиада басталды
Астанада химия пәнінен оқушылардың 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы басталды.
57-ші Халықаралық олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Хорватия, Латвия, Әзірбайжан, Болгария, Бразилия, Қырғызстан, Македония, Ресей, Сауд Арабиясы, Түрікменстан, Тәжікстан, Түркия, Армения, Беларусь, Венгрия, Израиль, Моңғолия, БАӘ, Сирия сияқты 21 елден іріктелген 116 оқушы қатысады.
Биыл жоба ұйымдастырушылары Қазақстанның атынан Оқу-ағарту министрілігі болса, ал Ресей тарапынан М.В.Ломоносов атындағы ММУ химия факультеті мен Андрей Мельниченко қоры болды.
Олимпиаданың ашылу салтанатында сөз алған Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Қаринова білім байқауының Қазақстан Халқының бірлігі күнімен қатар келгенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың дамуына, дарындыларды қолдауға үлкен көңіл бөліп, ғылым мен білімнің мәдениеттің дамуына қажетті жағдайдың бәрін жасап отыр. Халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері біздің елде 5 млн теңге көлемінде сыйақы алады және елдегі үздік жоғары оқу орындарында конкурссыз-ақ, ақысыз білім алуға мүмкіндік алады», - деді вице-министр.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ресейлік ғалым Степан Қалмықовтың айтуынша, Бразилия командасы алғаш рет жарысқа қатысып жатыр. Бұл олимпиаданың 57 жылдық тарихына қатысқан Латын Америкасынан шыққан алғашқы ел.
«Бұл сайысқа өз елдеріндегі ұлттық олимпиадаларда үздік танылғандар келіп отыр. Олмипиада бір теориялық, бір практикалық кезеңнен тұрады. Тапсырмалар жыл сайын түбегейлі өзгертіліп отырады. Яғни, алдыңғы жылдары келген тапсырмаларға қарап, биыл қандай тапсырма болатынын анықтау мүмкін емес. Бұл өте маңызды. Өйткені оқушылар заманауи химияның материалын кеңінен меңгерген болуы керек. 21 елдің білім беру жүйесі, бағдарламасы әр түрлі екені түсінікті. Бірақ бұл балалардың бәрі шетінен қабілетті, талантты. Әр елдегі оқушылардың 2-3 пайызы дарынды деп алсақ, бұлар солардың ішіндегі таңдаулылар. Мұндағы тапсырмалар мектеп бағдарламасының аясына сыймауы да мүмкін. Яғни, химиялық процестерді қаншалықты терең түсінгенін анықтау бағытында мектеп бағдарламасынан салмақты тапсырмалар берілуі мүмкін. Өйткені мектепте заманауи химияның базалық материалы оқытылады. Бұлар сол базалық білімді тереңдетіп меңгерген оқушылар. Тапсырмаларды халықаралық әріптестерімізбен бірлесіп дайындадық. Олимпиадаға қатысушылардың білімін бағалайтын қазылар алқасында да халықаралық әріптестеріміз бар», - деді Степан Калмыков.
Қазақстан атынан бұл олимпиадағы 15 үміткер қатысып жатыр. Олимпиаданың қорытындысы 6 мамырда шығады. Олимпиаданың қола, күміс, алтын медальдерінен бөлек абсолютті жеңімпазға берілетін академик В. В. Лунин атындағы сыйақысы бар. Андрей Мельниченко атындағы қор тағайындаған сыйақының мөлшері – 2 млн Ресей рублі (шамамен 11 млн 260 мың теңге – ред).