Жыл басынан бері 6 мыңнан астам азамат қандас мәртебесін алды
Жыл басынан бері 6 114 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1,1 миллионнан астам этникалық қазақ оралған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы, нақты айтқанда 53,9% – Өзбекстаннан, 19,1% – Қытайдан, 12,1% – Ресейден 5,6% – Түрікменстаннан, 5,7% – Моңғолиядан, және 1% басқа елдерден.
Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,2%), Маңғыстау (13,8%), Түркістан (6,4%) және Жамбыл (5,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (11%), Алматы (8,8%) және Шымкент (7,1%) қалаларына қоныстанды.
Осы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 68,8%, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,9% және зейнеткерлер 8,3% құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 18% – жоғары білімді, 38,6% – орта кәсіби білімді, 37,4% – жалпы орта білімді және 5,9% – білімі жоқ.