Жеңістің 78 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні: Астанада қандай іс-шаралар өтеді?

  Астанада Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне орай 50-ден астам түрлі іс-шара жоспарланып отыр. Мереке күндері концерттер, қойылымдар, көрмелер, спорттық турнирлер ұйымдастырылатыны туралы қала әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

1

  6–9 мамыр аралығында елорданың барлық ауданында мерекенің басты рәміздерінің бірі – естелік төсбелгілер мен Жеңіс ленталарын тарату акциясы өтеді.

  7 мамырда "Бәйтерек" монументінің жанында "Отаным – аманатым" мерекелік концерті сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін және Nomad City Hall ғимаратының жанында "Жеңіс жолы" сағат 12:00-де өтеді.

  Сағат 15:00-де және 19:00-де Музыкалық жас көрермен театры "Гауһартас" музыкалық драмасына шақырады.

  8 мамырда екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін қала аулаларында дәстүрлі жылжымалы концерт ұйымдастырылады. Сағат 18:00-де Qazaqstan ОКЗ сахнасында Еркеш Шакеевтің Eastwest in Astana мерейтойлық авторлық концерті басталады.

  9 мамырда "Отан Ана", Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Иван Панфилов ескерткіштеріне, Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерге арналған монументалды кешенге гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.

  14:00-ден 17:00-ге дейін Есіл жағалауындағы амфитеатрда "Отанға қызмет – ұлы құрмет" концерттік бағдарламасы ұйымдастырылады.

  9 мамырда спортсүйер әуесқойлар Триатлон паркіндегі жеңіл атлетика эстафетасына қатыса алады.