Дипломмен – ауылға" жобасы бойынша көтерме жәрдемақы өседі
"Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақының көлемі артуы мүмкін. Бүгінгі күні жәрдемақының мөлшері 241 500 теңгені құрайды. Ұлттық экономика министрінің "Дипломмен – ауылға" жобасына қатысушыларға көтерме жәрдемақыны ұлғайту туралы бұйрығының жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Бұйрық жобасына сәйкес, жәрдемақыны 70-тен 100 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылып отыр. Бұл 2023 жылға арналған АЕК мөлшерін есепке алғанда 345 мың теңге болады.
Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін бюджеттік кредиттің мөлшері бұрынғыша қалады – 1500 АЕК-ке дейін (5,18 млн теңге). Аталған әлеуметтік қолдау шаралары денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына, сондай-ақ ауылдарға жұмыс істеу және тұру мақсатында келген мемлекеттік қызметшілерге (ауыл әкімдіктерінің шенеуніктеріне) қатысты. Құжатты қоғамдық талқылау 2023 жылдың 22 мамырына дейін жалғасады.