81 оқушы Қ. Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада жеңімпазы атанды
Шығыс Қазақстан облысында Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық пәндік олимпиада өтті.
Оған еліміздің әр түпкірінен 169 оқушы келіп, екі күн бойы қазақ тілі білімі мен қазақ әдебиеті шығармалары, Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы, еңбектері бойынша сайысқа түсті. Олимпиада қорытындысы бойынша 81 оқушы жүлдегер атанып, І, ІІ, ІІІ-ші дәрежелі дипломдармен марапатталды. 29 қатысушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ерекше жетістіктері үшін» грамотасына ие болды. Екі оқушыға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен Шәкәрім атындағы университетінің білім гранттары табысталды.
«Олимпиада кезінде балалардың тұратын және білім сайысы өткізілетін жерде қоғамдық тәртіптің сақталуы, балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ШҚО-ның барлық құрылымдары қарқынды жұмыс жасады. Қатысушылардың жататын орындары мен тамақтануының санитарлық талаптары ескеріліп, қауіпсіздік басты назарда болды. Олимпиадаға республиканың әр түпкірінен 169 оқушы қатысты. Олар қазақ тілі білімі мен қазақ әдебиеті шығармалары, Қанипа Бітібаеваның өмірбаяны, ғылыми-педагогикалық мұрасы мен публицистикалық еңбектері бойынша сайысқа түсті. Оқушылардың білімін ғалымдар мен жетекші жоғарғы оқу орындарының оқытушыларынан тұратын қазылар алқасы бағалады», – деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Сондай-ақ, қатысушылар үшін мәдени-танымдық бағдарлама ұйымдастырылды. Айта кету керек, Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиада 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.