Қазақстандағы 16 жоғары оқу орны халықаралық Times Higher Education рейтингіне енді
Отандық 16 жоғары оқу орны халықаралық Times Higher Education рейтингісінен орын алды. Бұл туралы елордада өтіп жатқан Азия университеттері альянсының форумында белгілі болды. Халықаралық форумды ашқан Премьер-Министр Әлихан Смайылов қазіргі уақытта өңірлік бірінші сыныпты университеттерді қайта құруға бағытталған бірнеше бастаманың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
«Академиялық шеберлік орталықтары» жобасы оқу және зерттеу зертханаларын құру және жабдықтау арқылы аймақтық университеттерде зерттеу экожүйесін құруға бағытталған. Аталған орталықтар академиялық және ғылыми дамуға ықпал етеді. Осылайша отандық академиялық стандарттарды халықаралық деңгейге көтереді. Қазақстандық университеттер соңғы уақытта халықаралық рейтингтерде айтарлықтай прогреске қол жеткізгені қуантады. Біздің 16 университет Times Higher Education рейтингісіне кіреді», - деді Әлихан Смайылов форумда.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы Назарбаев университетінің озық тәжірибесі жарқын үлгіге айналғаны туралы айтты.
Оның айтуынша, аталған ЖОО құрылған сәттен бастап білім беруді, инновацияны және ғылыми-зерттеу қызметін біріктіретін заманауи зерттеу университетінің табысты моделіне айналды.