Қазақстанда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа бағдарламалар әзірленбек
Елдің бірқатар өңірінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 5 пайыз жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.
«Қазіргі уақытта еліміздің бірқатар өңірінде жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет есебінен 5 пайыз жеңілдікпен кредит берудің өңірлік бағдарламалары іске асырылуда. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарында жастар бағдарламалары іске асырылып жатыр. Осы бағдарламаларға 2017-2022 жылдары аралығында жергілікті бюджеттерден және Отбасы банкінің қаражаты есебінен 65,2 млрд теңге (жергілікті бюджеттен 49,9 млрд теңге және банк қаражатынан 15,3 млрд теңге) бөлінді», - деп атап өтеді Роман Скляр жауабында.
Оның айтуынша, осындай бағдарламалар басқа өңірлерде, атап айтқанда, Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында әзірленіп жатыр.
«Сонымен қатар, республикалық бюджеттің шектеулерін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен басым қамтамасыз етуді ескере отырып, осы кезеңде жас отбасылар үшін жеке бағдарламаны енгізу мүмкін емес», - деді бірінші вице-премьер.
Айта кетерлігі, қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждардың есебінде 636,3 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде 415,7 мың адам әлеуметтік осал топтарға кіреді.