ҚР Оқу-ағарту министрі жеті мыңға жуық түлекпен кездесті
ҚР Оқу-ағарту министрі жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатына үміткер түлектерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында 7000-ға жуық оқушы еліміздің бас педагогына сұрақ қойып, пікір алмасты.
Ғани Бейсембаев еліміздің білім беру жүйесін дамытуда қабылданып жатқан шараларға тоқталып, «Алтын белгіге» үміткерлер үшін қорытынды емтихандарды өз мектептерінде өткізу туралы бұйрыққа қол қойылғаны мәлім болды.
«Қазіргі әлемдік білім - бұл экономикалық, мәдени және идеологиялық факторларға негізделген үнемі өзгеріп отыратын жүйе. Мемлекет сапалы білім берудің мықты іргетасын қалау және талантты балаларды қолдау үшін барлық қажетті жағдайларды жасауда. Бізге келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарды ескере отырып, сарапшылармен кеңесіп, министрлік биылдан бастап «Алтын белгі» үміткерлері алдағы уақытта өздерінің білім орнында мектеп бітіру емтихандарын тапсырады деген шешім қабылданды. Біздің оқушыларымыздың моральдық қағидаттары жоғары екеніне және емтихан тапсыру кезінде академиялық адалдықты сақтайтынына сенімдімін. Сіздерге өз мақсаттарыңызға жетуде табандылық тілеймін»,–деді министр мектеп түлектеріне.
Жиын барысында қатысушылар еліміздің бас педагогына мектептердегі олимпиадаларды өткізу, инфрақұрылымын дамыту, білім беру және басқа да бағыттарға қатысты маңызды сұрақтарына жауап алды.