Еуроодақ елдеріне бару қазақстандықтар үшін жеңілдейді. Ол қалай?
Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапары аясында Ішкі істер бойынша Еуропалық Комиссар Ильва Йоханссонмен кездесу өткізді.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
М.Нұртілеу сұхбаттасын Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан Үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Өз кезегінде И.Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді.
Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.
Сындарлы көзқарасы үшін еуропалық тарапқа шын жүректен алғыс білдіре отырып, ҚР СІМ басшысы визалық режимді жеңілдету қазақстандықтардың үмітіне жауап беріп қана қоймай, ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың барлық кешенін дамытуға елеулі серпін беретінін атап өтті.