Damumed деректер қоры денсаулық сақтау министрлігіне берілді

  Премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізді.

3

  Үкімет басшысы "Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі" ЖШС-нің 50% үлесін мемлекет меншігіне, яғни Атырау мұнай өңдеу зауытына беру аяқталғанын атап өтті, деп хабарлайды премьердің баспасөз қызметі.

  Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының тиісті шешімі заңды күшіне енді. Әлихан Смайылов кәсіпорынның қалыпты режимде жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

  Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық қызметтерді көрсету нарығында бәсекелестікті дамыту шаралары қарастырылды. Бүгінде нарықтың 80%-інен астамын "Даму" АТО" ЖШС-іне тиесілі "Damumed" жүйесі қамтиды.

  Республикалық деңгейде медициналық ақпараттық жүйелер арасында деректер алмасудың толыққанды тетігінің болмауы нарықта бәсекелестікке жатпайтын жағдайлар тудырып отыр. Салдарынан қазақстандық медициналық ұйымдардың бір медициналық ақпараттық жүйеден басқасына ауысуы қиынға соқтырады.

  Осыған байланысты "Даму" АТО" ЖШС-і экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның осы жылдың 27 сәуіріндегі тапсырмасын орындау аясында "Е-Денсаулық" жүйесі базасында бірыңғай республикалық медициналық деректер қорын құру және медициналық ұйымдар арасында ақпарат алмасу үшін "Damumed" деректер қорын Денсаулық сақтау министрлігіне берді.

  Әлихан Смайылов "Е-Денсаулық" жүйесін құру бойынша жұмысты жеделдету және осы саладағы реттеудің тиімділігін арттыру үшін заңнамалық түзетулер дайындау қажеттігін атап өтті.