Елімізде бірқатар жаңа өндірістік және инфрақұрылымдық газ жобалары жүзеге асырылуда
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағылығымен өткен Үкімет кеңесінде газ саласын дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар басшыларының қатысуымен жаңа өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру, тұрғындарды, өнеркәсіп нысандар мен коммуналдық қызметтерді отынмен қамтамасыз ету шаралар, сондай-ақ бірқатар басқа да мәселелер талқыланды.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде таяу жылдары республикада тауарлық газ өндірісі бірнеше есе артуға тиіс екені аталып өтілді.
Бұдан бөлек, газ шығынын азайту, оны пайдалану тиімділігін арттыру және есепке алу шаралары қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр құзырлы мемлекеттік органдар мен мүдделі ұлттық компанияларға саланы дамыту шараларының уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.