Тоқаев: Асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік туды көтеру рәсімінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды QLIFE.KZ.
"Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттік рәміздер – егемендік пен елдіктің ең басты белгісі. Көк байрағымыз, Елтаңбамыз және Әнұранымыз – күллі халқымызға қастерлі нышандар. Біз үшін Тәуелсіздік – ең қымбат құндылық, ал туымыздың асқақ желбірегені – аса биік мәртебе.
Батыр бабаларымыз сын сағатта әрдайым бір тудың астында жиналған. Бөрілі байрақ күллі түркі жұртын біріктірген. Абылай ханның ақ туы бүкіл қазақтың басын қосқан. Алаш туы арыстарымыздың жігерін жанып, намысын қайраған. Біз бабаларымыздың даңқты жолын жалғастырып келеміз.
Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Әнұранымызды шырқатты. Күллі әлем Қазақ елін Көк байрағына қарап танитын болды", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
"Халқымыз азаттыққа ерен ерлік пен қажымас қайраттың арқасында жетті. Туымызды тұғырына қондыру оңай болған жоқ. Ал оны әрдайым биік ұстау тіпті зор күш-жігерді талап етеді. Ол үшін бізге еселі еңбек және берекелі бірлік қажет. Сонда ғана Қазақстанның шаңырағы биік, іргесі берік болмақ. Қастерлі нышандарымызды құрметтеу – әрбір азаматтың перзенттік парызы.
Біз асыл құндылықтарымызды аяқасты етуге жол бермейміз. Биыл мемлекеттік рәміздерді қорлаған адамдарды жазалау шаралары күшейтілді. Түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Отаншылдық мемлекеттік рәміздерді қастерлеуден басталады. Біз ұлттық нышандарымызды ұлықтау арқылы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетеміз. Оларды отансүйгіштік, жасампаздық рухта тәрбиелейміз. Сондықтан бүгінгі салтанатты рәсімнің тағылымдық, тәрбиелік мәні айрықша.
Былтыр дәл осы күні елімізде республикалық референдум өткенін білесіздер. Халқымыз жаңару мен жаңғыруға жол ашқан тың бастамаларға қолдау көрсетті. Басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Бір жылдың ішінде ауқымды шаралар атқарылды, бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді", - деді Мемлекет басшысы.