Т. Оспанқұлов мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі – ЕӘҚК) төрағасы Төлеген Оспанқұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік объектілер мен инфрақұрылымды бейімдеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.

 

1

Өз сөзінің басында Төлеген Оспанқұлов мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және олар үшін қолжетімді ортаны ұйымдастыру Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылатынын атап өтті.

«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» заңда кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектігі бар адамдарға жалпыға ортақ пайдаланылатын көлік құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға кедергісіз қол жеткізу, әуежайларда, теміржол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңіз және өзен порттарында еркін бағдарлану және жүріп-тұру үшін жағдай жасауға міндетті екендігі айқындалған», – деді ол.

ЕӘҚК төрағасы мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құру «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы», «Қазақстан Республикасындағы көлік туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы» сияқты бірқатар заңдармен реттелетінін айтты.

Денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды дамыту халықтың барлық топтары үшін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін медициналық мақсаттағы объектілерді бейімдеуге негізделеді. Бұл ретте ерекше қажеттіліктері бар адамдар бірінші кезекте қызмет көрсетуге құқылы.

«Жергілікті атқарушы органдар ұлттық стандарттарға сәйкес елді мекендерді жобалау, салу және салу кезінде мүгедектігі бар адамдардың тұрғын, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, құрылыстар мен үй-жайларға қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдерін салынып жатқан объектілер мен кешендердің мониторингіне қатысуға тартуға тиіс. Осылайша, заңнамалық актілерде мүгедектігі бар адамдардың объектілерге қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша толық шаралар көзделген», – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.

Қазақстанда 2025 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылы әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жоба аясында ел аумағында бейімделу бойынша 22 мың басым объекті анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 4400 объекті бейімделуі тиіс. 2023 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша 9 030 объекті бейімделді.

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2023 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымды жақсартуға, соның ішінде оларды пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге қарастырылған. Айта кету керек, қаржы жергілікті бюджеттерден бөлінеді, ал жұмыстар негізінен ғимараттар мен құрылыстарды жоспарланған күрделі, ағымдағы жөндеу және реконструкциялау шеңберінде жүргізіледі», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Ол сондай-ақ ЕӘҚК аумақтық департаменттері мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы және оларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына тұрақты негізде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратынын атап өтті.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде 1181 тексеру жүргізілді. 4 мыңнан астам бұзушылық анықталды, 900-ден астам ұйғарым берілді және 60 млн теңгеден астам сомаға 300-ге жуық айыппұл салынды», – деді Төлеген Оспанқұлов.

Объектілердің бейімделу барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың әлеуеті пайдаланылады. Ол үшін әкімдіктер жанынан аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бекіткен 227 мониторингтік топ жұмыс істейді, олардың құрамына 1630 мүше кірді.

Еңбекмині жанынан мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелерін қарау жөніндегі республикалық жұмыс тобы жұмыс істейді. Оның құрамына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің төрағалары, мүгедектігі бар адамдардың мәселелері бойынша әкімдердің кеңесшілері және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.

Төлеген Оспанқұлов жергілікті атқарушы органдардың объектілерді бейімдеу туралы ақпараты «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» (inva.gov.kz) порталында тұрақты негізде орналастырылатынын және өзектендірілетінін атап өтті, онда объектілердің «Интерактивті қол жетімділік картасы» жұмыс істейді. Оған 9 мыңнан астам объекті бойынша деректер енгізілді. Бұл әлеуметтік қызмет көрсету мекемелері, мемлекеттік органдар, ХҚКО, мектептер, ауруханалар, дүкендер, сауда орталықтары, шаштараздар. Бұл карта барлық азаматтарға қол жеткізу үшін ашық. Бұл мүгедектігі бар азаматтарға үйден шықпай-ақ компьютерден немесе телефоннан белгілі бір объектінің қол жетімділік дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде ЕӘҚК аумақтық департаменттерінің қызметкерлері ҮЕҰ-мен бірлесіп бақылау іс-шараларын өткізеді, яғни әкімдіктерден кейін бейімделген объектілерді қайта тексереді және қажет болған жағдайда бейімдеу жөніндегі іс-шараларды пысықтау жөнінде ұсыныстар береді.

Өз сөзінің соңында Төлеген Оспанқұлов Әлеуметтік кодекске сәйкес Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік инспекторлары пайда болатынын хабарлады.

«Олар бақылау функцияларын іске асырады және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету, әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша заңнама нормаларын сақтау жөнінде жедел шаралар қабылдайтын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін биыл 1 шілдеден бастап мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға; бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасауды жүзеге асыратын адамдарға 14,5% - ға арттырылатын болады. Жыл басындағы жәрдемақылар мөлшерінің 8,5%-ға өсуін ескере отырып, жиынтығында төлемдер мөлшері жылдық мәнде 23%-ға ұлғаяды», – деп түйіндеді ЕӘҚК басшысы.