Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 3,6 %-ке ұлғайды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды, - деп хабарлайды Qlife.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

first

Аталған отырыста ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, БҚО-ның әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасады.

Министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімнің шамамен 40 %-і тиесілі. Саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын талдау көрсетіп отыр. Малдың барлық түрінің саны өсуде. Былтыр ірі қара мал саны 4,2 %-ке, қой 4,8 %-ке, жылқы  10,5 %-ке, түйе 6,5 %-ке, құс 4 %-ке өсті.

Сондай-ақ мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Сауылатын сүт орта есеппен 4,7 %-ке ұлғайды, сойылған ет салмағы 8,6 %-ке, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2 %-ке өскен. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9 %-ке ұлғайды, ал осы 5 айда өсім 3,6 %-ті құрады.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша солтүстік-батыс өңірлерде аусыл бойынша саламатты мәртебенің болмағанына қарамастан, біз Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Қырғызстанға экспортты қайта бағдарлай алдық және экспорт көлемін 2,9 есеге арттырдық. Нәтижесінде өткен жылы ет экспорты 28,7 мын тоннаны құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл үрдіс биыл да сақталып отыр», - деді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Бұл ретте Өзбекстанға шығарылған ет экспорты 134 есе, ал БАӘ шығарылған ет экспорты 8 есе өсті.