Риддер ЖЭО қарыздары шамамен 3,3 млрд теңге
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңір бойынша алғашқы сапарын өңірдегі ең маңызды нысандардың бірі - "Риддер ЖЭО" АҚ жұмысымен танысудан бастады. Онда жылу орталығының басшылығымен және жөндеу жұмыстарына тартылған мердігер ұйымдармен кеңес өткізді.
Аймақ басшысына нысанды қайта құру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндалды. Жаңадан тағайындалған Бас директор Игорь Михайленко 5 жыл бұрын осы ЖЭО-ны басқарған және оның ерекшеліктерін жақсы біледі.
- 2018 жылы 5 қазандық жұмыс істеді, 1 резервте болды, 4 турбина жұмыс істеді, 52 МВт өндірілді және компанияның шотында 1 млрд теңге болды. Меншік иелері жылу орталығына тиісті жөндеу жұмыстарын жүргізбей пайдаланып келді. Қазір қарыздары 3,3 млрд теңгені құрайды, - деді Бас директор Игорь Михайленко.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Өңір басшысы сұрақтарды тыңдап, бейінді ведомстволардың басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
"Мен осы уақыт ішінде қаланың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге, сондай-ақ шыдамдылық танытып, жағдайды түсінген риддерліктерге алғыс білдіремін. Жылыту маусымының басына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Біз бұл қаланы жылумен қамтамасыз етуіміз керек", - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.