Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық волонтерлер форумына қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 21 маусым күні Халықаралық волонтерлер форумына қатысып, волонтерлік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет екенін айтты, - деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі.
"Өткен аптада Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Сол жиында отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, үнемшілдік, еңбекқорлық, жанашырлық секілді құндылықтар бәрінен биік тұруға тиіс екенін атап көрсеттім. Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді Адал азамат деуге болады;
Мемлекет басшысы ретінде мен "адамдар арасындағы дипломатия" қағидаты аясында халықаралық волонтерлік бағдарламалардың тиімділігі анағұрлым жоғары болады деп санаймын. Сонымен қатар ғұмырын басқаларға жәрдемдесуге арнаған жандар, әсіресе шетелдік қоғамдастық өкілдері, қандай да құрметке лайық және адамзаттың асылы деген атқа сай деп ойлаймын. Шын мәнінде, сіздер бейбітшілік пен мейрімділік елшісі ретінде халықтардың арасын жақындатып, түрлі мәдениет пен өркениет арасындағы диалогқа дәнекер болып жүрсіздер;
Қазақстан волонтерлік қозғалысты алдағы уақытта да қолдайды. Осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығымызды нығайтуға дайынбыз. Астанада өтіп жатқан бүгінгі форум волонтерлік қызметтің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Форум жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын. Сіздердің ізгі миссияларыңызға табыс тілеймін", - деді Мемлекет басшысы.