Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 160-қа жуық әлеуметтік объект толықтай бейімделген
Түркістан облысында мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету аясында 517 әлеуметтік инфрақұрылым объектісі бейімделді. Оның ішінде 159 объект ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай бейімделген.
Елімізде Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының жол картасы және 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.
Жоба аясында ел аумағында бейімделуі тиіс 22 мың басым объект анықталды. 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын осындай талапқа 4400 объект сай келуі қажет. Ал биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 9 128 объект бейімделді.
Түркістан облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 объектіні бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта 2021-2023 жылдар аралығында бейімделуге жоспарланған 776 объектінің 517-сінде жергілікті атқарушы органдар тиісті іс-шараларды жүргізді.
Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында аталған 517 объектінің 159-ының толық бейімделгені расталды.
Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қол жетімді:
- мемлекеттік мекемелер – 63 (38 әкімдік, 3 облыстық басқарма, жергілікті атқарушы органдардың 18 бөлімі, 1 мәслихат, 1 сот және т. б.);
- денсаулық сақтау объектілері – 28 (6 емхана, 6 аурухана, 4 медициналық орталық, 3 дәрігерлік амбулатория және т. б.);
- білім беру объектілері – 17 (13 мектеп, 2 университет, 1 институт, 1 колледж);
- әлеуметтік инфрақұрылымның өзге де объектілері – 51 (банктердің 8 филиалы, 7 пошта бөлімшесі, 11 мәдениет үйі, 3 әлеуметтік оңалту орталығы, 3 сауда үйі, 2 қонақ үй, 2 дәріхана, әуежай, автовокзал, стадион, спорт кешені және т.б.)