Астанада 6 жаңа автобус маршруты іске қосылады

Елордада 400 жаңа автобус сатып алынады және 6 автобус бағыты іске қосылады.

«Қалада қоғамдық көлікке сұраныс жоғары, тұрғындардың 48% астамы көліктің осы түрін пайдаланады. Қазіргі уақытта қала ішінде 6 автобус паркі бар, онда 1500 жүргізуші жұмыс істейді, 99 бағыт бойынша 1100 автобус жүреді. Қоғамдық көлікті жаңғырту жұмыстары тұрғындардың сын-ескертпелеріне қарай, үздіксіз жалғасуда», - деді Елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаев қалалық мәслихат отырысында.

Спикердің айтуынша, соңғы рет жаппай автобус сатып алу 2019 жылы жүргізілген. Сонда алынған 100 электробус қаладағы автобус жетіспеушілігі мәселесін ішінара шешкен.

«Қазіргі уақытта 400 автобус сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Оның 55-і қалаға жеткізілді, әрбір автобус паркі бойынша жоспар құрылған. Сонымен бірге, биыл 6 жаңа автобус маршруты құрылады, олар тұрғын алаптарының мәселесін шешуге бағытталады. Жаңа бағыттар Агроқалашық, Көктал-1, Көктал-2, Үркер, Ш. Айтматов, Қ. Мұхамедханов, Сығанақ, Төле би көшелері мен Тұран, Ұлы дала даңғылдарын, Бағыстан тұрығ алабы, Мыңжылдық аллеясы, оңтүстік-шығыс ауданын қамтиды», - деді Е. Бекмырзаев.

Сондай-ақ, қала жолдарындағы автобус жолақтары өз тиімділігін көрсеткен.

Биыл тағы 20 шақырым көшеге – Ш. Айтматов, Ұлы дала көшелерінде, Р. Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдарында автобус жолақтары сызылады.

2306301316523376g