Тоқаев тәртіп сақшыларына үндеу жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде тәртіп сақшыларына үндеу жасады, - деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі.
Президент әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбаларға қатысты пікір білдірді.
"Әлеуметтік желіде полицияға қатысты түрлі бейнежазбалар бар. Кейбір адамдар қасақана арандатушылық жасайды. Сондай кезде ұстамдылық танытып, дөрекі әрекеттерге жол бермеу өте маңызды. Тәртіп сақшысы сауатты сөйлеп, өзін лайықты ұстауы қажет. Полиция қызметкері заңдарды анық білуге тиіс, яғни еліміздің заңдарын жұртқа қарапайым тілмен түсіндіруге дайын болуы қажет. Сонда ғана полиция мен халық арасында мызғымас келісім болады. Әрине, офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жатыр. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет. Ерлік көрсеткен офицер, сержанттар туралы жұрт білуге тиіс. Бұл – біздің тиісті министрліктің және жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының міндеті. Өздеріңізге мәлім, мемлекет ішкі істер органдарының жұмысын әрдайым жоғары бағалайды", - деді ол.
Cонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде полицияны модернизациялау мәселесін көтерді.
«Бүгінде полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатыр. Пилоттық жобалар қолға алынды. Соның арқасында тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын бөлімшелердің қызметі реттелді. «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орнықтыру үшін нақты шаралар қабылдануда. Осы қарқынды тоқтатпау керек. Пилоттық жоба аясында қол жеткен жетістікпен шектеліп қалуға болмайды. Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу саласына да назар аударған жөн. Бұл – құқық қорғау жүйесіндегі мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі. Әрине, оның өзіндік ішкі тәртібі мен ережелері бар», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.