Мемлекет басшысы Алматыға тағы бір статус беруді ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынды.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуінде президент өз сөзінде туризмді елдер мен халықтарды жақындастырудың ең тиімді құралдарының бірі деп атады. Мемлекет басшысының айтуынша, ШЫҰ кеңістігі әлем халқының 45 % құрайды және әлеуеті әлі іске асырыла қоймаған үлкен туристік нарық болып саналады.

«Қазақстан бұл бағытта кешенді шараларды қолға алып жатыр. Өткен жылдан бастап біз Үндістан, Иран мен Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгіздік, бұл біздің мемлекеттер арасындағы өзара туризмді дамытуға септігін тигізеді. Қазақстан төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-да мен Алматыны Шанхай ынтымақтастық ұйымдарының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамын», - деді өз сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.