Жаңадан салынатын жайлы мектептерде сапалы интернет пен білікті мұғалімдер болуы керек Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта қолайлы оқу жағдайлары бар 1.5 млн оқушы орнын ашу мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Qlife.kz тілішісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

mak 1

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2020-2022 жылдары республикада түрлі қаржыландыру көздері есебінен 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілгенін баяндады. Биыл 130 мың балаға арналған тағы 146 мектеп ашу жоспарланып отыр, оның 62-сі сыбайлас жемқорлардан тәркіленетін қаражат есебінен салынбақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сіке асыру басталды, оның аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Бұл оқушы саны тым көп сыныптар, апаттық мектептер және үш ауысыммен оқыту мәселесін түркілікті шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Бүгінгі таңда жаңа оқу орындарын жиһазбен және технологиялық жабдықтармен жарақтандыру стандарттары әзірленді, «Атамекен» ҰҚП-мен бірлесіп, отандық тауар өндірушілердің ұлттық жобасына қатысу мәселесі пысықталды, «Білім беру өзгерістерінің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша жайлы мектептер директорларының корпусын дайындау жүргізілуде, оларды кадрлармен уақытылы қамтамасыз ету үшін мұғалімдер базасын қалыптастыру жалғасуда.

Премьер-Министр ұлттық жобаны іске асыру аясында мердігерлік ұйымдар мен жер учаскелерін анықтау, сондай-ақ қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау жөніндегі жұмысты жеделдету қажеттігін атап өтті.

«Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет», - деді Әлихан Смайылов.