Тоқаев: Астананы жылумен қамтамасыз ету жүйесі орнықты болуы қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Астананы жылумен қамтамасыз ету жүйесі орнықты болуы қажет екенін ескертті, деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Енді алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталайын. Бірінші мәселе. Астананы жылумен қамтамасыз ету жүйесі орнықты болуы қажет. Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған шешімдер қаладағы өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның тапшылығына алып келді. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.