Баян-Өлгийде қандастар құрылтайы өтті
Баян-Өлгийде қандастардың IV кіші құрылтайы өтті, деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі.
Ұлан-Батырдан бастау алған Моңғолия қазақтарының кездесуі Баян-Өлгийлегі негізгі жиын – кіші Құрылтайға ұласты. Осы мақсатта Моңғолияға жұмыс сапары аясында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Сыртқы істер министрлігі «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев пен бір топ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжіліс депутаттары бастаған қазақстандық делегация мүшелері Баян-Өлгий аймағына ат басын тіреді. Сондай-ақ Құрылтай қатысушылары арасында Қазақстаннан келген дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Түркия және Ресейден келген қандастар да бар.
Арнайы сапармен келген қонақтарды Баян-Өлгий аймағының әкімі Камелият Ахмадияұлы мен Баян-Өлгий халқы әуежайдан шашу шашып қарсы алды.
Аймақ губеранторы Камелият Ахмадияұлы, Мәслихат төрағасы Хабыл Шәріпұлы бастаған делегациялар арасындағы кездесуде Абзал Сапарбекұлы қазақстандық делегация құрамын таныстырып, Ұлан-Батырда болатын іс-шаралар туралы айта келе, алдағы кіші Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Камелият Ахмадияұлы «Бермесең алыспайсың, бармасаң алыстайсың!» демекші, 10 жылдан аса үзіліп қалған Моңғолия қазақтарының кіші Құрылтайының қайта жалғасын тапқанына аса қуанышты екенін айтты. Қазақстандық делегация құрамында ҚР Президентінің кеңесшісі мен сенатор, депутаттардың болуы да бұл іс-шараға ерекше маңыз берудің дәлелі деп атап өтті. Аймақ губернаторы өлкенің экономикалық-әлеуметтік ахуалы және халықтың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен мәлімет берді.
Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ыстық сәлемін жеткізуге арнайы келгенін айтты.
Қазақстан қашанда ішкі тыныштықпен қатар сыртқы байланысты үзбеу саясатын нық ұстанады. Сонымен қатар қашанда шетте жүрген қандастарымыздың мәселесін назарда ұстайтынын, олармен байланысты нығайта түсуге аса мән береді, - деді ол.
Екіжақты кездесуде ҚР Мәжіліс депутаттары Үнзила Шапақ, Нұргул Тау, Жарқынбек Амантай да сөз сөйлеп, екі елдің парламентаралық байланыстарының күн тәртібіндегі мәселелер, еліміздегі құқықтық-демократиялық реформалар туралы баяндап өтті.
Баян-Өлгий аймақтық мәслихатының төрағасы Баян-Өлгий аймағында қазақтардың емін-еркін өмір сүруіне жағдай жасалғанын айтып, мемлекеттер арасындағы достықтың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар басқосуда Баян-Өлгейдегі қандастармен рухани-мәдени байланысты арттыру мәселелері де тақырыпқа өзек болды.
Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы аясында Ховд қаласында Қазақстаннан келген Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі тұрғылықты халыққа арнап концерт берді.
Осы шара басталарда Қазақстан Респуликасы Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарбасов пен Мәжіліс депутаты Болат Керімбеков және жергілікті қазақ белсендісі Бағдал Шәмейхаұлы қонцертке жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастық қатынастар, парламентаралық байланыстар, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар жайына тоқталды. Сондай-ақ жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Концертте қазақ және моңғол халық әндері шырқалып, дәстүрлі күйлер мен халыққа кеңінен танымал музыкалық шығармалар орындалды.
Моңғолиядағы қазақтардың IV кіші Құрылтайы 7 шілдеде Баян-Өлгейдегі Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өтті.
Кіші Құрылтайдың салтанатты жиынын ашқан Баян-Өлгей аймағының басшысы Камелият Ахмедияұлы атажұрт Қазақстаннан келген құрметті делегация мүшелеріне алғысын айтып, осынау құрылтайдың Моңғолия мен Қазақстан қатынастарына, оның ішінде 100 мыңнан астам қазақ шоғырланған аймақтың Қазақстанмен рухани байланысына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Алқалы жиынға арнайы келген Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кіші Құрылтай қатысушылары мен Моңғолия қазақтарына арнаған құттықтау сөзін оқып берді.
Құттықтауда ел Президенті екі халықтың достығы мен ынтымақтастығын нығайтатын мәдени, іскерлік байланыстардың маңызын айтып, Құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан соң сөз алған «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы аймақ халқының риясыз көңілі мен шын ықыласына алғысын білдіріп, қор жұмысының негізгі бағыттары мен мақсат-міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, жастардың білім алу, мамандық таңдау, жас буынның түрлі тарихи танымдық жобаларға белсене қатысуы, қазақ дәстүрлері мен рухани құндылықтарының шетелдегі қандастар арасында сақталуы, Қазақстан мемлекетінің шеттегі қазақтарды және көшіп келетін қандастарға қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат берді.
Ал аймақтық Хурал төрағасы Қабыл Шәріпұлы Баян-Өлгей аймағының тарихы мен дамуы, оның Қазақстанмен байланысына тоқталды.
Жиында осы шараға арнайы келген Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары – Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай, Үнзила Шапаққызы да сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Олар қазақ-моңғол қатынастарында қазақ қандастардың «алтын көпір» болатынына кеңінен тоқталып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтататын бірқатар мәселелерді жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.
Депутат Үнзила Шапаққызының пікірінше, аймақаралық Өскемен-Өлгий-Ховд әуе рейстерінің ашылуы, Баян-Өлгийде немесе Ховдада Қазақстан Республикасының Консулдығының ашылуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етпек.
Бұдан бөлек, Құрылтайда өлкедегі білім беру жайы да әңгіме арқауына айналды. «Сана» үкіметтік емес ұйым директоры Шолпан Хасенқызы балаларды оқытуда арнайы маман-педагогтердің, сондай-ақ қазақ тілінде математика, физика, химия пәндерінің оқулықтарының қажеттігін тілге тиек етті. Мұны оңтайлы шешу үшін Қазақстан мен Моңғол елі арасында келіссөз жүргізілетініне үміт артатынын жеткізді.
Қоғам белсендісі Хабсатар Омарұлының айтуынша, Өлгийде Қазақстанның көмегімен қазақ мектебі мен балабақша салынуы жас буынның білім мен ғылымға ұмтылуына серпін бермек. Ал жастар өкілі Ғибрат қатысушылардың назарын қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық кітаптардың тапшылығына және өлке өрендерін тиісті әдебиеттермен қамтамасыз ету жайына аударды.
Құрылтай барысында Мұхамедқали Құрманхан атындағы Қазақ музыкалық драма театрында Мұхамедқали Құрманханның ескерткіші ашылып, оның «Ғұламаның ғұмыры», аймақтың алғашқы басшыларының бірі, қоғам қайраткері Қызырхан Құсбекұлының ескерткіші мен көше атауының берілуі, «Өмірім – өзім, өмірім – ісім» атты кітаптарының да тұсаукесері өтті. Сондай-ақ жастар арасында ұлттық ойындар (тоғызқұмалақ, асық ату, қазақша күрес) өтті.
Алыстағы ағайынның басын қосып, көкейкесті мәселелер көтерілген алқалы жиын аясында қазақ мәдениеті мен тілінің дамуына ерекше үлес қосқан белсенділер, зиялы қауым өкілдері және өнер қайраткерлері Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Моңғолиядағы қазақ зиялысы Қабсаттар Омарұлы мен кәсіпкер-меценат Мұрат Дәкейұлына «Шапағат» медалі, еңбегі сіңген бір топ азаматқа ҚР Президентінің Алғыс хаты төсбелгімен бірге тапсырылды. Сондай-ақ Отандастар қорымен белсенді жұмыс істеп жүрген азаматтар қордың естелік медальдеріне ие болды.
Соның ішінде:
«ШАПАҒАТ» МЕДАЛІ
1. Қабсаттар Омарұлы – Моңғолия қазақтарының ақсақалы, ұлт жанашыры саясаткер, Баян-Өлгейдің бұрынғы әкімі;
2.Мұрат Дәкейұлы – кәсіпкер-меценат.
ҚР Президентінің төс белгісі мен алғыс хаты
1.Кәмелият Ахмедияұлы – Баян-Өлгий аймағының әкімі;
2.Қабыл Шәріпұлы – Баян-Өлгий аймағының Азаматтар өкілдері құрылтайының төрағасы;
3.Шынай Рахметұлы – Моңғолияның халық жазушысы;
4.Дәрмен Құзыкейұлы – Аймақтық Азаматтар өкілдері құрылтай мүшесі, экс-әкім;
5.Бағдал Шәмейханұлы – Ховда аймағы әкімдігі Қаржы департаментінің директоры;
6.Оспан Нәбиұлы – Баян-Өлгий аймағының теле-радио кешенінің директоры;
7.Алтынгүл Дәлелқызы – Баян-Өлгий аймағының А.Бабиұлы атындағы орталық кітапхананың басшысы;
8.Сәйгүлік Жанымханқызы – М.Құрманхан атындағы Музыкалық драма театрының директоры;
9.Айшагүл Азаматқызы – Аймақтық музей директоры;
«Отандастар» қоры алғыс хаты мен «Алғыс» естелік медалі
1. Бауыржан Дәлелұлы – Баян-Өлгий аймағының Азаматтар өкілдері құрылтайының экс-төрағасы, экс-әкімі;
2. Ғылымхан Әйіпұлы – Баян-Өлгий аймағының бұрынғы әкімі;
3. Лазатхан Бұраңұлы – Баян-Өлгий аймағының Азаматтар өкілдері құрылтайының экс-төрағасы;
4. Бейбітхан Нұриұлы – Баян-Өлгий аймағының Азаматтар өкілдері құрылтайының экс-төрағасы;
5. Бақыт Одынайұлы – Моңғолияның еңбек сіңірген спортшысы, атақты палуан;
6. Зарқұм Баймергенұлы – Жазушы, қоғам қайраткері;
7. Шілдебай Қылаңбайұлы – Журналист;
8. Манкей Тұрдыхан – №6 Өлгий орта мектеп директоры;
9. Рысбек Зұрғанбайұлы – Жазушы, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
10. Қайнар Қайсанай – Аймақ дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, бокс тренері;
11. Өмірбек Биқұмарұлы – Моңғолия Ғылым академиясының Баян-Өлгий бөлімшесінің бастығы, т.ғ.к.
12. Қиналған Жылқайдарқызы – Мұғалім, PhD;
13. Жанарбек Ақыбиұлы – Жазушы, спортшы;
14. Еркінбек Бөденұлы – Баян-Өлгий аймағы Журналистер одағының төрағасы;
15. Ертай Моңғолхан – Музыкалық драма театр режиссері;
16. Ербол Доманұлы – Баян-Өлгий аймағы әкімдігінің Халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы;
17. Ербақыт Нүсіпұлы – Жазушы, Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі;
18. Нұрболат Өнерханұлы – «Монцамэ» Моңғолия ақпараттық агенттігінің Баян-Өлгий аймағындағы журналисті, «Моңғолия қазақтарының тіл және
мәдениетін қолдау одағының» төрағасы;
19. Сағым Бейбітқызы – Баян-Өлгий аймағы әкімдігінің Мәдениет бөлімінің қызметкері, әнші;
20. Айнагүл Айыпханқызы – Жеке кәсіпкер, 2022 жылғы «The International Women’s Entrepreneurial Challenge Foundation» сыйлығының иегері;
21. Бердібек Дәулетбек – композитор, әнші.