Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльге көңіл айтты
Мемлекет басшысы су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльге көңіл айту жеделхатын жолдады.
– Табиғат апаты салдарынан болған орны толмас қайғыға ортақтасып, Сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Зардап шеккен жандардың тез арада сауығуын, із-түссіз жоғалған азаматтардың отбасыларына оралуын тілеймін, – деп жазылған жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, Кореяда сенбі күні өзеннің тасуы салдарынан су тасқыны жер асты жолына өтіп, көліктер мен автобустағы жолаушыларды басып қалған. Шенеуніктер 685 м жер асты өткелінде қанша адам қалғанын әлі айтпады, бірақ 15 көлік бар екенін жеткізді.
Толассыз жауған жаңбырдан кем дегенде 39 адам қаза тапқан. Қаза болғандардың отбасы жергілікті билік тиімді әрекет еткенде өлімнің алдын алуға болатын еді дейді.
Оңтүстік Кореяда сенбі күні шамамен 300 мм жауын жауған. Корея метеорологиялық қауымдастығының мәліметтері бойынша, елде әдетте жылына 1000 мм (39,4 дюйм) мен 1800 мм (70,9 дюйм) аралығында жаңбыр жауатын көрінеді.