Елорда маңындағы жасыл белдеуге көшеттер отырғызылады

Астана қаласының маңындағы жасыл белдеуге көшеттер отырғызылады, - деп хабарлайды Qlife.kz тілішісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Астанада жасыл белдеудегі көшеттер саны артып, кәріз тазарту құрылыстары (2-КТҚ) салынады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қаламен шекаралас аумақты әуеден бақылады. Маңайды тікұшақпен аралау барысында Майбалық көлінің, Преображенск су торабының және т. б. көлемі нақтыланды. 

Жаңа ауыз су стансасының (3-ССС) пайдалануға берілуін және су тұтыну көлемінің артқанын ескере отырып, қалаға су бұру көлемі артты. Тазарту құрылыстарының (1-КТҚ) қуаты жеткіліксіз, сондықтан осы жылдың күзінде екінші кәріз тазарту құрылысы (2-КТҚ) басталады. Бұл ғимараттың қуаты тәулігіне 200 мың м3-ты құрайды. 

Сондай-ақ аралау барысында «Астана-Көгалдандыру құрылысы» ЖШС-ға қарасты тәлімбаққа барды. Оның ауданы 350 гектарға жуық, онда әртүрлі ағаш түрлерінің көшеттері өсіріледі. Тәлімбақ жыл сайын 30 мың дана көшет бере алады. 2025 жылдан бастап ағаш тұқымдарының 100 мың көшетіне, тамыр жүйесі жабық 45 мың бұтаға және тамыр жүйесі ашық 300 мың бұтаға дейін көбейтіледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, жыл сайын жасыл белдеудегі көшеттер саны артып келеді. Мысалы, биылдың өзінде тек жасыл белдеуде 500 мыңға жуық жасыл желек (ағаштар, бұталар және т. б.) отырғызу жоспарланып отыр. Қаланың өзінде осы көлемде жасыл желек отырғызылмақ. Елорданың жасыл белдеуінің жалпы ауданы 15 мың гектарды құрайды. Онда 11,5 млн-нан астам ағаш пен 2 млн бұта өседі. Мұнда жапырақты ағаш түрлеріне басымдық беріледі.