ЕМО басшыларына «Enbek цифрлық экожүйесі» таныстырылды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері мегаполистер мен облыс орталықтарының еңбек мобильділігі орталықтарының (ЕМО) басшыларына арнайы оқыту семинарын өткізді. Дәріс барысында халыққа қызмет көрсету жұмыстарын жеңілдетуге мүмкіндік беретін «Enbek цифрлық экожүйесінің» негізгі құралдары ұсынылды.
ЕМО басшылары жұмыспен қамту саласының ақпараттық жүйелерін пайдалану және «Enbek цифрлық экожүйе» платформаларымен жұмыс істеу бойынша теориялық және практикалық дағдыларға ие болды.
«Семинарға қатысушыларға өңірлік деңгейде жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, әрі болжау жүргізудің негізгі ерекшеліктері үйретіліп, жаңа Ұлттық біліктілік жүйесі мен Career.Enbek цифрлық платформасын енгізу перспективалары туралы негізгі ақпарат берілді», – деді Еңбекмині Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанда еңбек мобильділігі орталықтары құрылды. Олардың негізгі міндеті облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың еңбек нарығын үйлестіру.
Өз кезегінде, жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, ерікті қоныс аудару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша іс макеттерін қалыптастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің барлық спектрлерін сақтай отырып, мансап орталықтары болып қайта құрылды.