Түркістан облысында екі елді мекенге газ берілді
Түркістан облысында екі бірдей елді мекен орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды.
Түркістан облысында екі бірдей елді мекен орталықтандырылған газ жүйесіне қосылды. Келес ауданындағы Бәйтерек пен Жамбыл-2 ауылының халқы бұдан былай көгілдір отынның игілігін көріп, тұрмысы жайланатын болды. Дербес шоттары әзір, техникалық шарт жасасқан тұрғындар табиғи газға кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Тұтынушыларды табиғи газға қосу салтанатына "QazaqGaz" ұлттық компаниясына еншілес "ҚазТрансГаз Аймақ" кәсіпорнының басшысы да арнайы қатысты. Ауылдағы ағайынның қуанышына әріптесім де куә болып қайтты. Байтерек пен Жамбыл-2 елдімекендеріне газ жүйесін тарту жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталды. Көмір тасып, күл шығару машақатын тартқан қос елдімекен халқына табиғи газ жеткізу үшін Ғани Мұратбаев стансасынан 25 шақырымнан аса құбыр тартылып, екі бірдей газ реттеуіш бекеті салынды. Нәтижесінде 544 абонент көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.
Бүгінгі күні «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясының алдағы жылыту маусымына дайындығы 72 пайызды құрады. 863 шақырымдай газ құбыры аспаптық тексеруден өткізіліп, табылған ақаулар жөнделді. Газ мамандарының жоспарына сәйкес, қыс мезгіліне дайындық жұмыстары қыркүйек айына дейін аяқталуы тиіс.