Қазақстандық балуан қыздар Варшавада 2 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды
Қазақстандық балуандар Польша астанасы Варшава қаласында әйелдер күресінен XXVII Poland Open халықаралық жарысында 2 күміс, 3 қола медальді жеңіп алды, деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі.
Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткеніндей, жалпыкомандалық есепте Польша құрамасы көш бастаса, Қазақстан мен Канада үздік үштікке кірді.
Қазақстаннан Ирина Казюлина (65 кг) финалда украиналық Юлия Лесковецке, ал Анастасия Панасович (72 кг) франциялық Кендра Огюстен Джоселин Дачерге есе жіберді.
Сонымен қатар Айнұр Әшімова (55 кг), Диана Каюмова мен Гүлдана Бекеш (59 кг) өз салмағында қола жүлдеге ие болды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, батысқазақстандық Анастасия Панасовичтің алғашқы бапкері – Баймұрат Абдрахманов. Қазіргі кездегі жеке жаттықтырушысы – Мұсабек Нарегеев.