«Мектепке жол»: Атырау облысында 15 мыңға жуық оқушы оқу құралдарымен қамтылады

Атырау облысында «Мектепке жол» акциясы аясында 15 мыңға жуық оқушы киіммен, оқу құралдарымен қамтылады.

Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтің мәліметінше, 14 790 оқушының көмекке мұқтаж екені анықталған.

«Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік тұрмысы төмен топқа жататын отбасылардың балалары мектеп формасымен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Осындай отбасылардағы әр балаға қажетті заттарды сатып алу үшін 40 мың 567 теңгеден бөлінеді. Қаржы ата-аналардың есепшотына аударылады», -деп хабарлады Ерлан Сламбеков.

Басқарма басшысының орынбасары Орынтай Биманова «Мектепке жол» акциясын өткізу үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге хат жіберілген.

«Көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті заттарды сатып алуына кқолдау көрсету үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге хат жіберіп отырмыз. Осы орайда ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен құралдарына арнайы бөлінген қаржыны мақсатты жұмсауды сұраймыз», -деді Орынтай Биманова.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында 7 мектеп пен 1 жапсаржай пайдалануға берілетіні айтылған. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, жаңа мектептің бесеуі Атырау қаласында, біреуі Махамбет ауданында салынып жатыр. Ал, Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы мектеп жанынан жапсаржай пайдалануға беріледі. Жаңа білім ордалары 6 450 орынға есептелген.

Ал, 2024 жылы 18 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 білім ордасы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынады.