«Техникалық байқау» құжаты биыл цифрлы форматқа ауыстырылады

Қазақстанда күзге дейін "техникалық байқау" құжаты цифрлы форматқа көшіріліп, енді көлік жүргізушілеріне құжаттың қағаз нұсқасын бірге алып жүру міндеттелмейді. Бұл туралы QLIFE.KZ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Ведомство мәліметінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-мен бірлесіп, автокөліктің техникалық байқаудан өткенін куәландыратын құжатты цифрлы форматқа көшіру бойынша жұмысты қолға алды. Министрлік ақпаратынша, енді "Техникалық байқаудың диагностикалық картасы" электронды үкіметтің мобильді қосымшасының жеке кабинетінде сақталатын болады. "Қазір IT мамандары арнайы сервисті әзірлеп, техникалық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Интеграциялық жұмыстардан кейін осы қызметтің алғашқы нұсқасы алдағы 1 қыркүйекте EgovMobile платформасында іске қосылады", - деп хабардар етті ведомстводан.

Аталған жобаның жоспарына сәйкес құжаттың цифрлық нұсқасы қадағалаушы органдардың дерекқорында сақталып, оны онлайн режімде тексеруге болады. "Цифрлы құжаттардың заңды күші қағаз жүзіндегі аналогтармен бірдей және олардың артықшылығы көп: сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылып, қоғамның сенімі артады", - деді ведомство өкілдері. 

Еске салсақ, биыл көктемде VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясында мемлекет басшысы үкіметке цифрландыруды күшейтіп, бюрократиялық рәсімдерді барынша азайтуды тапсырған болатын.