Қазақстандық оқушылар шахматтан әлем чемпионатында күміс пен қола жеңіп алды

Ақтауда мектеп командалары арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды.

Кіші топта (12 жасқа дейін) Velammal MHS Mogappair-қа ешкім тең болмады. Үндістаннан келген мектеп оқушылары барлық сегіз матчта жеңіске жетті. Екінші орын және күміс медальдар Украинаның Lviv Academic Gymnasium командасына берілді (Львов қаласы). Үшінші орынға бірден бес команда үміткер болды, оның төртеуі - Қазақстаннан. Қола жүлдегер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдарды Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінен Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Анетов иеленді.

Орта буын тобында (18 жасқа дейін) турнир аяқталғанға дейін бір күн бұрын Стамбул ЭРКА орта мектебінің түрік шахматшылары алтын медальдарды қанжығалады.

Алматылық математиктер жеңіске деген ерекше төзімділік пен ерік-жігерді көрсете білді. Чемпионаттың соңғы күніне дейін олар тек жетінші орынға ие болды. Бірақ 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңіс РФММ (Алматы) командасына командалық ұпайлар бойынша Үнді командасын қуып жетуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша тіпті қарсыластарын айналып өтіп, күмісті жеңіп алуға мүмкіндік берді. Күміс жүлдегерлер қатарында Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Осылайша, үнді мектеп оқушылары қола медальға қанағаттанды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде Қазақстан шахмат федерациясының президенті барлық қатысушыларға шахмат қозғалысының маңыздылығын және оның бүкіл әлемде танымалдылығын атап өтіп, одан әрі табыс тіледі.

Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы амфитеатрда өтіп, түрлі-түсті отшашумен аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, чемпионат тамыздың 4-7-і аралығында өтіп, әлемнің 53 елінен 400-ден астам оқушы жиналды. Іс-шараны Халықаралық және Қазақстандық шахмат федерациясы ұйымдастырды.

 

2.2

2.1