Президенттік жастар кадр резерві: Үшінші іріктеудің ерекшеліктері қандай
Бұған дейін елімізде екі рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу өткені белгілі. 2019 жылы 300, ал 2021 жылы 50 жас кадрлық резервке алынды.
Осы 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Яғни жалпы санның 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.
Енді міне алдағы күзде Президенттік жастар кадр резервіне үшінші мәрте іріктеу жүргізілмек. Осыған орай бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифингте Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар бойынша нақты мақсатты іріктеу өткізу: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; сыртқы саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат; цифрландыру; әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам. Бұл ретте үміткерлермен әңгімелесу міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өтеді», - деді ол.
Оның атап өтуінше, белгіленген талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес, 6 кезеңнен тұрады және қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізіледі.
Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол 2023 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады. Талаптарға сәйкес келген жағдайда қалған кезеңдерге жіберіледі.
Екінші кезең мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Бұл кезең үміткерлердің күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған екі бөлек тестілеу блогынан тұрады. Әрбір тестілеудің ұзақтығы 25 минуттан аспайды. Оның нәтижесі үкіметкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланады.
Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Бұл кезең үміткерлердің таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған. Аталған кезең онлайн-режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.
«Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды», – деді Дархан Жазықбаев.
Төртінші кезең – құзіреттерді бағалау. Кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Ассессмент-орталық Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталған. Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады. Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады.
Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесу. Бұл кезеңде ассессмент-орталықтың сарапшысы комиссия мүшелеріне қатысушылардың жеке нәтижелерін ұсынады және оларға түсініктеме береді. Комиссияның құрамына белгілі қоғам өкілдері, салалық сарапшылар, мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады.
«Алтыншы, соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады. Ол осы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарланып отыр. Ережеге сәйкес, резервте болу мерзімі 3 жылды қамтиды. Резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.
Дархан Жазықбаевтың айтуынша, Агенттік іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
«Ел мүддесіне адал қызмет етемін деген жастарды Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге қатысуға шақырамын. Мемлекеттік аппаратқа білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді өзіне парыз санайтын жастар қажет. Жастарымыздың бойындағы тасқындаған күш-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастыру - агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі», - деді агенттік төрағасы.
Ал «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару ұлттық орталығы» АҚ бас директоры Ұлан Бекіштің айтуынша, іріктеуге өтінім беруге арналған портал 1 қыркүйектен бастап ашылады.
«Порталда барлық қажетті ақпарат орналастырылған. Тіркелу кезінде үміткер өзінің білімі, бітірген оқу орны, мамандығы бойынша ақпараттарды толтырып, мемлекеттік тілді меңгергені туралы сертификатын енгізу қажет. Жұмыс орны, атқарған лауазымы туралы толыққанды мәліметтерді де порталға орналастыруы тиіс. Жеке жетістіктеріне қатысты мәліметтерді де көрсетуге мүмкіндігі бар. Тестілеу үміткер таңдаған тілдің бірінде жүргізіледі», - деді орталық бас директоры.