Тамара Дүйсенова цифрлық білім беру ресурстары мен электрондық оқулықтарды пайдалану мәселелері жөнінде кеңес өткізді
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқу процесінде электрондық оқулықтарды пайдалану жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі PRIMEMINISTER.KZ сайтына сілтеме жасап.
2023 жылғы 14 тамызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т. Дүйсенованың төрағалығымен оқу процесінде электрондық оқулықтарды пайдалану жөнінде кеңес өтті. Оған оқу-ағарту, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, әділет вице-министрлері, сондай-ақ «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Талдау» АҚ-ның, мектеп оқулықтарын дайындайтын жетекші баспалардың және IT-компаниялардың өкілдері қатысты.
Оқу-ағарту вице-министрі А. Ілиясов мектептерді электрондық оқулықтармен қамтамасыз ету жөніндегі ахуал және осы бағытты одан әрі дамыту бойынша жоспарланған шаралар туралы баяндады. Баспалар мен IT-компаниялардың өкілдері электрондық оқулықтар мен білім беру платформалары саласындағы соңғы әзірлемелерін ұсынды.
Кеңеске қатысушылар электрондық ресурстардың әлеуетін және оларды білім беру процесін жетілдіру үшін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Бұл ретте педагогтарға электрондық ресурстарды таңдау құқығы берілуге тиіс екені айтылды.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және әлеуметтік қорғау министрі мектептерді электрондық оқулықтармен және цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу, оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру және оларды оқу процесінде қолдану жөнінде бірқатар тапсырма берді.