Тұрғындар көмірдің сапа сертификатын талап ете алады
Көмір тиісті сапа нормасына сай келмесе, онда отынды қайтаруға болады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов айтты.
«Бізге тұрғындар кей жағдайларда көмірдің сапаға сай келмейтінін айтып, шағымданып жатады. Яғни біз осы шағымдарды қараймыз. Бұл жерде басқа тауарлар сияқты көмірдің сапа сертификаттары бар екенін түсіну керек және әрбір көмір түріне сапа сертификатын талап етуге болады», - деді Т.Жолмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда ол тұрғындар сапасыз көмірді қайтарып бере алатынын айтты.
«Сәйкес келмеген жағдайда, көмірдің құнын немесе сапаны талап ете аласыз. Бұл ретте тұрғындар заңмен қорғалған және шағымдана алады. Сондықтан сапасыз отынды қайтаруға болады. Осы салада тексеретін құзырлы органдар бар», - деді ведомство өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Т.Жолмағамбетов халыққа арналған әлеуметтік көмірді шетелге шығарумен айналысқан делдал кәсіпорындар анықталғанын айтты.