Шандунь Қазақстанның Қытайдағы үшінші сауда өңірлік серіктесі

2023 жылғы 4 қыркүйекте Астанада Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстан мен Қытай (Шаньдун) арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық форумын ашты, - деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі PRIMEMINISTER.KZ сайтына сілтеме жасап.

Вице-премьер бұл іс-шара екі апта бұрын Шаньдунның Цзинань қаласында өткен іскерлік кездесулердің қисынды жалғасы екенін атап өтті.

«Қытай – Қазақстан Республикасының негізгі стратегиялық сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі, прогрестің барлық негізгі көрсеткіштері бойынша әлемдік көшбасшылар тобына кіреді. Қытайдың барлық өңірі арасында Шаньдун провинциясы СҰАР мен Бейжіңнен кейінгі Қазақстанның үшінші сауда серіктесі болып табылады. Қазақстанның Шаньдун провинциясымен сауда-саттығы биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында $1,1 млрд құрады және бұл мүмкіндіктердің шегі емес», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Бидай, мақта, бау-бақша өнімдеріне бай Шаньдун провинциясы Қытайдың ауылшаруашылық өндірісіндегі маңызды аймақ. Сол себепті елдер арасындағы әлеуетті ынтымақтастықтың негізгі саласы – Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені болып табылады. Соңғы 10 жылда Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында экспорттық әлеуетін арттыра алды. Отандық тауарлар Орталық Азия, ЕО және Таяу Шығыс елдерінің нарығына шықты. Жалпы Қазақстаннан Қытайға ауыл шаруашылығы тауарларының экспорты 2021 жылмен салыстырғанда, былтыр 2,5 есе өсіп, $548 млн құрады. ҚХР-ға экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуде айтарлықтай перспективалар бар.

«Мемлекет басшысы алдағы 7 жылда кемінде $150 млрд инвестиция тарту міндетін қойды. Елдеріміз арасында $21 млрд астам сомаға 52 бірлескен индустриялық және инвестициялық жобалар іске асырылуда. 2015 жылдан бастап жалпы сомасы $7,3 млрд болатын 25 жоба іске қосылды. Биыл 6 жобаны пайдалануға беру жоспарланған. Бүгін біз әлеуетті инвесторларға преференциялардың кең ауқымын ұсынуға дайынбыз», — деп атап өтті вице-премьер.

Шаньдун провинциясы партия комитетінің хатшысы Линь У форумда сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика, гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын ұсынды.

«Біз Қазақстаннан келген достарды Шаньдун провинциясының дамуының жаңа кезеңіне шақырамыз, ынтымақтастық үшін шексіз мүмкіндіктер ұсынамыз», — деп атап өтті ол.

Форум қорытындысы бойынша тараптар өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісімге қол қойды.