Ұлы дала жорығы: Шабандоздар Астанадан Түркістанға жол тартты
«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон бәйгесі бүгін елордадан басталды, деп хабарлайды QLIFE.KZ тілшісі.
Биыл екінші рет ұйымдастырылған бәйгеге ел өңірлерінен 19 команда қатысып жатыр. Ат жарысы елорда іргесіндегі Қаражар ауылынан басталды. Шабандоздар 1 300 шақырым қашықтықта жарысады, 19 қыркүйекте Түркістанда мәреге жетеді.
«Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең - 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Соңғы 14-кезеңде 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Атырау облысынан басқа барлық өңірден командалар қатысып жатыр, барлығы марафонға сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті», - деді аталған шараны ұйымдастырушы Ғани Дүйшенов.
«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры - 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады.
Жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағалайды, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.
Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» бәйгесі республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясының, Мәдениет және спорт министрлігінің «Аманат» партиясының және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен өтіп жатыр.