АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб Солтүстік Қазақстан облысына барды
Солтүстік Қазақстан облысы, 23 қыркүйек.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өңірлерге сапары жалғасуда. Бүгін Штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында болып, шаруалармен, өңірдегі белсенді азаматтармен, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Мәселен, Чапаев ауылындағы «Қызылжар сүт» ЖШС алаңында Штаб мүшелері өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Соңғы 5 жылда СҚО-да сүт өндірісі 100 мың тоннадан астамға артты. Бүгінде ел аумағында өндірілетін сүттің 10%-дан астамы – осы өңірге тиесілі. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңір тұрғындары жалпы сомасы 79 млрд теңгені құрайтын 12,7 мың несие алды. Аталған қаражат мал сатып алуға, шаруа қожалықтарына, жылыжайлар салуға, техниканы жаңартуға және тағы басқаға бағытталды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев тұрақты электр энергия көзі – ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.
«6 қазанда Қазақстан халқы тарихи таңдау жасауы керек. Бұл шешім еліміздің экономикалық және технологиялық болашағын айқындайды. АЭС-ке қатысты мәселені халықтың өзі шешетіні маңызды. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы. АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб құрылды. Оған саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары кірді», – деді ол.
Шаруалар кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуіне, агроөнеркәсіп кешенінің одан әрі дамуына қажет тұрақты әрі сенімді энергияның маңызын айрықша атап өтті.
Бұдан соң Штаб мүшелері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Бұл жоғары оқу орнының түлектері, яғни физиктер, химиктер, инженерлер, энергетиктер және өзге де мамандық иелері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.
Осы күні Штаб мүшелері «Raduga K. D. R» ЖШС көпсалалы зауытындағы қағаз өндірілетін цехқа барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Әңгімелесу барысында олар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын атап өтті. Яғни, көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға қосымша салық салынады. Сондықтан, отандық өнімнің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән беру қажет.
Сонымен қатар, Халықтық штаб «AMANAT»-тың бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен кездесті. БПҰ түсіндіру жұмысы барысында шешуші рөл атқарады. Себебі олар ел аумағында ауқымды желіге ие және тұрғындарға ақпаратты тиімді жеткізе алады. Бастауыш партия ұйымдарының қатысуы алдағы дауыс беруге неғұрлым көп отандасымызды шақыруда аса маңызды.
Жалпы, астықты өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары биыл 6 қазанда өтетін референдумға барынша белсенді қатысуға ниет білдірді.